Бүгін біз Сіздердің назарларыңызға саяхатшы, бизнесвумен, спортшы және әдемі әйел Кейт Маллинсонмен жүргізілген сұхбатты ұсынып отырмыз. Кейт Лондонда тұрады, алайда Орталық Азиядағы өмір туралы ол жақсы біледі. Бірнеше жыл бойы біздің қонағымыз Өзбекстанда тұрды, Украина және Қазақстанның қалаларына барды. Ал соңғы кезде ол Қазақстанға жиі келіп жүр. Кейт Дарт өзені бойымен жүзу бойынша қайырымдылық сайыстарына қатысты. Барлық жинақталған қаражат, атап айтқанда 4,210 фунт стерлингті ол біздің қорымызға берді. Ал біз бұл соманы Қызылордадағы дәрігерлердің біліктілігін арттыруға жұмсаймыз. Өзінің өмірі және алдағы жоспарлары туралы Кейт біздің тілшімізге берген сұхбатында айтып берді.
Сәлеметсіз бе, Кейт! Бізбен кездесуге және әңгімелесуге келісім бергеніңіз үшін рақмет. Өзіңіз туралы қысқаша айтып берсеңіз.
- Алғаш рет мен Грузияда 1987 жылы болдым. Бұл отбасылық сапар болды. Осы сапардан кейін мен бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің өкілдерімен қызықты байланыс орната алар едім деп ойладым. Эдинбург университетін аяқтап, журналистика саласын зерделеп, Мәскеуде жұмыс істедім. Одан кейін Иркутск қаласында тұрдым. Телевидениеде жұмыс істей жүріп, маған Өзбекстанға бару бақыты бұйырды. Өзбекстанда мен 2 жыл бойы тұрдым. Онда мен Фергана алқабындағы гендерлік және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді зерттедім. Өзбекстанда мен «Шегі жоқ дәрігерлер» («Врачи без границ») ұйымына тап болдым, онда бұрын волонтер ретінде жұмыс істедім. Олар маған өздерімен бірге қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі қызмет саласында жұмыс істеуді ұсынды. Сонымен бірге, мен Арал теңізі құрғауының теріс салдарын және оның Нүкіс қаласының маңындағы өңірдің денсаулығына әсерін зерттей отырып, Арал теңізінің бағдарламасымен жұмыс істедім, сондай-ақ бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде денсаулық сақтау реформасы туралы баяндама жаздым.
- Ол қандай бағдарлама еді?
- Бұл Өзбекстандағы туберкулез туралы бағдарлама еді. Өте күрделі болды, себебі Кеңес Одағы кезінде бұл ауруды емдеу әдістерін білетін өздерінің жоғары білікті дәрігерлері болды. Ал батыста кеңес одағының емдеу әдісінен ерекшеленетін медициналық емдеудің жаңа түрі болды. Ол кезде өте қызықты болғанымен аса күрделі болды. Мен Өзбекстанда бірнеше жыл тұрдым, содан кейін Англияға оралдым. Мен үш балалы болдым, сондай-ақ Азиядағы осы өңірмен жұмыс істегісі келетін компанияларда негізгі тәуекелдерді болжау жөніндегі консультант болып жұмыс істей бастадым. Біз компанияларға көмектесіп, оларға қажетті бағыт-бағдар бердік.
- Сіз әлеуметтік қызметпен көп айналысасыз. Отбасыңыз үшін уақытты қайдан табасыз?
- Менің бағым бар, күйеуім өте тамаша адам. Ол сценарист, үйде жұмыс істейді, ал балаларым мектепте оқиды. Өзім аптасына 4 күн жұмыс істеймін. Менің 3 қызым бар және мен өз балаларыма үлгі болғым келеді.
- Балаларыңыздың Сіздің қызметіңізге көзқарасы қандай?
- Маған олардың Орталық Азиядағы және Кавказдағы таңғажайып елдер туралы білетіні ұнайды. Олар үлкен мемлекеттердің астаналарымен таныс. Әдетте мен үйге сыйлық алып барамын. Менің қыздарым мен барған елдерде өте қызықты сәттерді басымнан өткізгенімді біледі.
- Сіз қай елдерге жиі бардыңыз?
- Инвестициялардың басым бөлігі Қазақстанда шоғырландырылғандықтан біздің клиенттердің көпшілігі осында жұмыс істейді. Сондықтан мен Қазақстанға жұмысым бойынша жиі келемін.
- Қазақстанның қандай қалаларына барасыз?
- Алматы мен Астана. Мен басқа қалаларға да қуана барар едім, бірақ ұзақ уақыт бойы үйімнен алыс жүруге мүмкіндігім жоқ. Сондықтан мен осында бір аптаға ғана келіп, үйіме қайта кетемін. Сондай-ақ мен Украина мен Қырғызстанда бірнеше қалаға бардым, бірақ бұл қалалардың тұтастай алғанда елдердегі жағдайды толығымен көрсетпейтінін білемін.
- Дарт өзені бойымен жүзу сайысы туралы айтып берсеңіз. Бұл сайысқа қатысуға берілген қаражатты «АЯЛА» қайырымдылық қорына беру туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?
- Сайысқа қатысып, балаларға көмектесу туралы шешімді жүзіп жүрген кезде қабылдадым. Білесіз бе, суға жүзген кезде әр түрлі нәрсе ойыңа келіп, үнемі ойда боласың. Мен де қайырымдылық қоры үшін өз үлесімді қосқым келді. Бұл мен үшін және Орталық Азиядағы қайырымдылық ісін дамыту үшін маңызды. Бізде Англияда қайырымдылық қорлары бар. Мен Қазақстандағы қайырымдылық ісін қолдау туралы шешім қабылдадым, себебі бұл жылдар ішінде мен қызықты Орталық Азия өңірінен көп нәрсе үйрендім, көп адаммен жақсы қарым-қатынастамын, көп оқиға басымнан өтті. Мен Қазақстандағы қайырымдылық ісін қолдағым келді, себебі мұнай бағасының құлдырауы елге және шикізат тауарларына басқа да тәуелді елдерге теріс әсер еткенін білемін. Осылайша, өткен жылдың қыркүйегінде мен Дарт өзені бойымен өткен жүзу сайысына қатыстым. Мен 10 километр арақашықтықты жүзіп өттім. Оған үш сағатым кетті. Менімен бірге бірнеше жүз адам жүзіп өтті.
- Сізге бұл жүзу сайысына қаражатты кім берді?
- Мен өзімнің барлық достарыма, сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін компанияларға электрондық хаттар жібердім. Менің барлық достарым, сондай-ақ біздің кейбір клиенттеріміз және BBC арнасымен жұмыс істейтін Қазақстан журналистері және басқа да көптеген адамдар маған демеушілік көрсетті. Бұдан басқа, ауқымды ақша сомасын берген менің отбасым және британдық достарым маған қаржылық қолдау көрсетті. Менің GPW компаниям да айтарлықтай қаржы берді. Жиынтық сомасы 4,210 фунт стерлинг болды.
- Жүзу сайысында қандай да бір қиындықтар туындады ма?
- Жоқ. Жексенбі сайын біз жиналып, табиғат аясында суға жүзуге барамыз. Лондонда Хэмпстед Хит деген керемет саябақ бар. Соған баруға кеңес берем. Саябақта табиғи тоғандар бар. Біз таңертеңгі 7-де кездесіп, суға жүземіз. Қыста ауа температурасы әдетте 1-8 градусқа тең болады.
- Жүзу үшін тым суық температура емес пе?
- Өте суық. Температура 1 градусқа тең болған кезде біз суда 1 минут уақыттай боламыз. Осының өзі жеткілікті. Сіз ол жаққа демалыс күндерін үй тірлігіне арнамас бұрын барып, суда жүзе аласыз. Әрине, ауа-райы өте суық, бірақ мұндай суға түсу рәсімінен кейін сіз өзіңізді дені сау, энергиясы көп адам ретінде сезінесіз. Бұл – демалыс күндерінің тамаша бастамасы. Биыл мен Түркиядағы Босфорда жүзу марафонына қатысуға ниет білдіріп отырмын. Босфордың ұзақтығы 4 миля құрайды және ағыны өте жылдам. Соңғы жылы мен мереке немесе демалыс күндері жиі жаттығып жүрмін. Солтүстік теңіз аралдарының маңында жүзу өнерімді жиі шыңдаймын.
- Сіз қайырымдылық қызметін жалғастыруды жоспарлап отырсыз ба?
- Иә. Бірақ әлі де дәл сол адамдарға осындай өтінішті қалай жасайтынымды білмеймін. Олар өте кеңпейіл адамдар. Мүмкін, кешірек. Әлі білмеймін. Бірақ мен қайырымдылықпен айналысқым келеді.
- Жүзу бойынша сайыстар жөнінде не айтасыз?
- Биыл мен Босфордағы жүзу сайысына қатысуды жоспарлап отырмын, сондай-ақ Девондағы басқа сайысқа қатысқым келеді.
- Сіз жүзуден басқа қандай спорт түрлерімен айналысасыз?
- Мен адам мүмкіндіктерінің шегі жоқ деп ойлайтын адаммын. Мен бұған оң тұрғыдан қараймын. Кейде мен балалармен бірге ұзақтығы 5 миля болатын жаяу серуенге шығамын, ол кезде адамдардың көпшілігі жаяу 1 миля ғана жүреді. Шынын айтқанда, бұл серуендеу балаларыма онша ұнамайды. Ал мен үйден тыс болуды жақсы көремін.
- Осындай қызықты сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Сізден алынған барлық қаражатты біздің қорымыз Қызылордадағы дәрігерлерді оқытуға жұмсайды. Сол үшін біз арнайы Литвадан келетін мамандарды шақырамыз, олар біздің дәрігерлерді және медбикелерді оқытады. Сізбен кездескеніме қуаныштымын. Сізге сәттілік тілейміз және тағы да кездесеміз деп сенеміз!