Біз басқа адамдарға көмектескісі келетін адамдармен әңгімелесуді жалғастырамыз. Сондай адамдардың бірі – «Alageum Group» ЖШС бас директорының орынбасары Нұржан Адасбайұлы Стваев. «АЯЛА» қайырымдылық қоры компанияға Алматыдағы көзі нашар көретін балаларға арналған № 13 балабақшаға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіреді. Біздің келесі сұхбатымыз компанияның болашақтағы жоспарлары және қормен бірлескен жобалары туралы.
Нұржан Адасбайұлы, Өзіңіздің компанияңыз туралы айтып берсеңіз.
«Alageum Electric» – Қазақстандағы аса ірі электротехникалық компания, оған электр энергетикасы, электромашина жасау және құрылыс саласында табысты жұмыс істеп жатқан 30-дан астам кәсіпорын мен зауыт кіреді. «Alageum Electric» компаниясының тарихы 1997 жылдан бастау алады, ол кезде электротехникалық өнімді жобалауға, өндіруге және құрастыруға маманданған бірқатар кәсіпорын «alageum» деген бірыңғай брендке біріктірілді, ол қазақ тілінен «таңсәрі» деп аударылады. Оның айналасында кейіннен еншілес компаниялар құрыла бастады. Бүгінгі күні холдинг электромашина жасау саласында көшбасшы болып саналады, сондай-ақ бәсекеге қабілеттілік көшбасшысы – ұлттық чемпион болып табылады. «Alageum Electric» компаниясы 20 жыл қызметінде Қазақстан экономикасының түрлі салалары үшін жүзден астам маңызды жұмыстарды іске асырды. Олардың ішінде шағын станцияларды салу, электротехникалық жабдықты және электр беру желілерін құрастыру, жөндеу және іске қосу жөніндегі жобалар бар. Олардың барлығының да ел экономикасы үшін белгілі бір маңызы бар.
Қайырымдылықпен қашан және неліктен айналысуға шешім қабылдадыңыз?
Арнайы шешім болған жоқ. Холдинг құрылған алғашқы күннен бастап біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі болуға тиіс екендігін түсіндік. Осылайша біртіндеп мұқтаж адамдарға көмектесе бастадық. Әрине, әлемді құтқару біздің қолымызда емес екендігін түсінеміз, алайда біз бұл әлемді жақсарта аламыз және мұқтаж адамдарға жәрдемдесу, балаларға қолдау көрсету біздің қолымыздан келеді. Бүгінде біз Сіздердің қорларыңызбен, сондай-ақ Балалардың құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі «Асыл бала» қауымдастығымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен бірге біздің «Кентау трансформаторлық зауыты» ауқымды кәсіпорын ретінде бүкіл Кентау қаласына қолдау көрсетіп отыр. Ағымдағы жылы зауыттың бастамаларының арқасында қаладағы аулалар, балаларға арналған алаңдар абаттандырылды, ғимараттардың қасбеттері жөнделіп, фитнес тренажерлер орнатылды, жолдарға асфальт төселді, оның бәріне 60 млн. теңгеден астам сома жұмсалды. Бір сөзбен айтқанда, қаланың дамуы үшін ауқымды жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар қаланың кішкентай тұрғыны Мейрамбек Әлімбекке шетелде жасалатын шұғыл отаға бір миллион теңгеден астам сома бөлінді. Біздің әлеуметтік жауапкершілігіміздің негізінде патриоттық сезім, өз еліміздің азаматтарына деген қамқорлығымыз, сондай-ақ иррационалдық мүдде жатыр, себебі біздің компаниямыз осы елде жұмыс істеуде, өркендеуде және осы елде бизнес бірлік ретінде өз ісін жалғастыруда.
«АЯЛА» қайырымдылық қорын таңдаған кезде нені басшылыққа алдыңыздар?
Бірінші кезекте, Сіздердің қорларыңыз өз қызметін көптен бері атқаруда және елімізде сенім білдіретін қорлардың ішінде өзін көрсете білді. Сонымен бірге қор жұмысының негізгі бағыттары балаларға арналған мемлекеттік денсаулық сақтау және білім беру мекемелеріне көмек көрсету болып табылады. Ал денсаулық сақтау және білім беру – біздің холдингті қызықтыратын бағыттар. Алагеум компаниясының негізін салушы Сайдулла Қожабаевтың айтуынша: «Біз денсаулығымызды сақтап, білім алуға ұмтылуымыз және инженерлік прогресті ілгерілетуіміз қажет». Көптеген қазақстандықтар Сіздерге өмірлік қажетті маңызды жобаларыңыз үшін риза екендігіне сенімім мол.
Нұржан Адасбайұлы, бұдан әрі қайырымдылық ісімен айналысуды жоспарлап отырсыз ба?
Иә, және бұл мәселе талқылауға жатпайды. Қайырымдылық ісі біз үшін игі дәстүрге айналып, бизнес жүргізудің философиясына және мейірімді істерге деген сенім кілтіне айналды. Барша адам таңғажайыпқа сенуге тиіс және осындай таңғажайып іс баршамызға қажет. Мұқтаж адамдарға көмектесу үшін бай болу шарт емес. Айналамыздағы адамдарға күш-жігерімізге және мүмкіндіктерімізге қарай көмектесу – біздің міндетіміз. Әрине, жоспарларымыз көп. Біз әрі қарай да Сіздердің қорларыңызбен ынтымақтаса жұмыс істеуді жалғастыруға және қолымыздан келген көмекті аямауға ниеттіміз!
Біз Сізге осындай қызықты сұхбат бергеніңіз және жылы сөздеріңіз үшін алғыс білдіреміз! Сізге және компанияның қызметкерлеріне мықты денсаулық, ал бизнесіңізге табыс тілейміз!