Төрт астаналық мекемеге бағасы қымбат медициналық жабдық тапсырылды. Жобаның демеушісі «АЯЛА» қорымен бірлесіп «Шеврон» компаниясы болды. Тапсыру рәсімі ақыл-ойы кем балаларға арналған арнайы түзету мектеп-интернатында ұйымдастырылды. Астанадағы № 3 перинаталдық орталықтың дәрігерлері екі фототерапия аппаратын және В-40 екі медициналық сорғышты алды. № 1 қалалық балалар ауруханасына сегіз арнайы инфузиялық дозатор берілді. № 2 қалалық балалар ауруханасының дәрігерлеріне электроэнцефалограф-тіркеуші аппаратын, сондай-ақ компьютер және құрамдас бөліктерін тапсырды. № 2 Ақмола облыстық ауруханасына демеушілер өкпені жасанды желдету аппаратын берді. Сонымен бірге ақыл-ойы кем балаларға арналған арнайы түзету мектеп-интернатының тігін шеберханасына жаңа жабдық сатып алынды. Ал «ДОС» тәуелсіз өмір» мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдық бірлестігіне «Шеврон» компаниясы компьютер және құрамдас бөліктерін тапсырды.
«Шеврон»компаниясы мен «АЯЛА» қайырымдылық қорының бірлескен жобасының жалпы құны 28 571 463 теңгені құрады. Дәрігерлер бізбен бөліскендей, бұрын мұндай жабдық болмаған кезде олар қажетті дәрі-дәрмекті салу, өкпені желдету, күні жетпей туған нәрестені жылыту үшін баланың қасында сағаттап отыратын. Енді бұл көмек жоғары технологиялық тұрғыдан әрі білікті түрде көрсетілетін болады.
http://86.107.44.20/redesign2/index.php/kz/portfolio-kz/hospitals-kz/item/2581-news-kz#sigFreeId45bf43e4bd