04-10-2018 Оңтүстік Корея дәрігерлері пациенттерге онлайн кеңес бере алады

Ұлттық медицина университеті жанындағы «Ақсай» клиникасындағы телемедицинаға...

Ұлттық медицина университеті жанындағы «Ақсай» клиникасындағы телемедицинаға Пусан Ұлттық университетінің Госпиталі (ПҰУГ) заманауи жабдық сыйлады.  Бұл екі елдің дәрігерлеріне онлайн-режимде консультациялар жүргізуге және диагноздарды онлайн-режимде талқылауға мүмкіндік береді.

Алматыға  ПҰУГ президенті Ли Чан-Хун орталықты ашып, қазақстандық медицина мекемесімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою үшін арнайы келді. «Ұлттық Медицина Университеті» АҚ-тың атынан құжатқа ректор Талғат Нұрғожин қол қойды.

Сонымен қатар корей дәрігерлерінің сапары аясында профессор-ортопед/ ПҰУГ омыртқа орталығының меңгерушісі Ли Чжон-Соп және ПҰУГ-нің профессор-нейрохирургы Шин Тхэ-Хи түрлі патологиясы бар балаларға тегін кеңес берді.  Кішкентай пациенттерге «Ұлттық Медицина Университеті» АҚ жанындағы «Ақсай» клиникасы базасында кеңес берілді. Ортопед Ли Чжон-Соп балаларды тексеру үшін Қазақстанға осымен төртінші рет келіп, бұл жолы ол «АЯЛА» қайырымдылық қорының амбассадоры ретінде ресми түрде таныстырылды.

Екі күн бойы жалғасқан корей мамандарының қабылдауына тек Алматыда ғана емес, Алматы облысында тұратын балалар да қатыса алды. Дәстүр бойынша, дәрігерлер кішкентай пациенттердің ауру тарихымен алдын ала танысты. Бірінші кезекте күрделі диагнозы бар балаларды қарап шықты.

Айта кетейік, ПҰУГ мамандарының келуін үшінші жыл қатарынан LAB Partners компаниясы мен «АЯЛА» қайырымдылық қоры ұйымдастырады. Барлығы 2,5 жыл ішіндегі Қор мен ПҰУГ-нің ынтымақтастығы арқасында Алматы, Ақтөбе қалалары мен Алматы облысының 400-ге жуық балалары кеңес алды. Алдыңғы сапарлардың қорытындысы бойынша, Қазақстаннан келген екі балаға Пусанда тегін операция жасалды, қазірде олар Корей профессорларының бақылау кеңестері үшін Алматыда.

«Біз қазақстандық медицинамен ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. 2,5 жыл ішінде жемісті жұмыс атқарылды, қазірде өзімізге жаңа мақсаттар қойып, ұзақ мерзімді жобаларға көшуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта мен біздің ынтымақтастығымыздың жалғасын үш бағытта көремін. Біріншісі: телемедицина жүйесін орнату және енгізу қажет. Қазақстан аумағы үлкен, әр қалада әртүрлі медицина деңгейі бар. Телемедицина көмегімен дәрігерлер арасында тәжірибе алмасуға болады. Екіншісі: медициналық жобаларды жүргізу бойынша жүйеленген бағдарлама. Біздің медициналық жобаларымызбен айналысатын арнайы команда құру керек. Қазір біз Қазақстанға болашақта жақсы жұмыс істеу үшін қызықты бағыттарды талқылап жатырмыз. Үшінші бағыт - медицина қызметкерлерін оқыту. Көптеген қазақстандық дәрігерлер біздің госпитальға біліктілікті арттыруға келеді. Меніңше, біздің кореялық дәрігерлердің де Қазақстаннан үйренері бар. Бірге біз елдердегі медицинаның дамуына зор үлес қоса аламыз», - деді Пусан ұлттық университеті госпиталінің Президенті Ли Чан-Хун.

Айта кету керек, әлеуметтік бағыттағы «Ақсай» клиникасы жыл сайын басқа денсаулық ұйымдарында көмек көрсете алмайтын Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған баланы емдеуге қабылдайды.

Өз кезегінде, «АЯЛА» қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова: «Біздің Қорымыз Қазақстандық медицина деңгейін арттыруға ұмтылады және осы бағыттағы кезекті қадам  -Оңтүстік Кореяның жетекші госпиталінің халықаралық базалық орталығын ашу. Халықаралық ынтымақтастық өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеді», - деп айтты.

 

 Барлық фотосүреттерді жүктеп