Samsung компаниясы Digital Kazakhstan стратегиясының шеңберінде Астана, Алматы және Түркістанның төрт клиникасына 100 кәсіби «медициналық» планшетті сыйға тартты.
Samsung мобильдік құрылғылары Президенттің Қазақстанды цифрландыру жөніндегі стратегиясы шеңберінде денсаулық сақтау саласының жаңа технологияларға өтуі үшін Damumed кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен жабдықталған. Бағдарламалық қамтамасыз етуді отандық компания – «ДАМУ» ақпараттық технологиялар орталығы әзірледі.
Жүйеге республиканың Денсаулық сақтау министрлігінің порталдары, 700-ден астам медициналық ұйым, 825 000 пайдаланушы қосылған, онда 65 миллионнан астам құжат сақталады.
Samsung планшеттері дәрігерлерге, медбикелерге, фармацевт мамандарға және т.б. арналған. Алдын ала орнатылған БҚ көмегімен құрылғылар көптеген процестерді жеңілдетуге және тездетуге, туындайтын проблемаларды тиімді шешуге және қажетсіз қағазбастылықтан құтылуға көмектеседі.
Мысалы, дәрігер науқастың деректерін планшетке енгізеді, нәтижесінде ақпарат ортақ жүйеде сақталады және оған сондай-ақ басқа да медициналық ұйымдар кіре алуы мүмкін. Бұрын ауру тарихы жазылған медициналық картаны немесе дәріхана жолында рецепт жоғалту ыңғайсыздық туғызатын, алайда жақын арада бұл құжаттар мүлдем қажетсіз болады. Ақпарат қолжетімді болу үшін арнайы БҚ және интернет бар планшет жеткілікті.
Алматы акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Динара Мырзахметова клиниканың 1 шілдеден бастап денсаулық сақтау саласын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаға қатысатынын және қағаздан заманауи ақпараттық технологияларға өтетінін хабарлады. «Мысалы, анестезиологтарды алсақ, ота жасау бөлмесінде олар наркоз картасын планшетте жүргізетін болады, бұл стационарлық компьютерге қарағанда әлдеқайда ыңғайлы», - деді ол.
Бірыңғай ақпараттық жүйе науқастар үшін де ыңғайлы. ЖСН көмегімен олар қажетті ақпарат ала алады – мысалы, өз ауру тарихын көруіне немесе қай ауруханаға тіркелгенін білуіне болады.
Әрине, конфиденциалды деректердің сақталуы туралы сұрақтар туындайды – олар үшінші тұлғалардың қолына түспей ме? Samsung компаниясының мәлімдеуінше, планшеттердің бортында KNOX ақпараттық қауіпсіздігі бойынша алдыңғы қатарлы шешім бар, ол контентті қаскүнемдерден көп деңгейлі, яғни бағдарламалық және аппараттық қорғауды қамтамасыз етеді. Платформаны үкіметтік, оның ішінде шетелдегі қорғаныс ведомстволары кеңінен пайдаланады, бұл жүйенің жоғары сенімділігін куәландырады.
Жоба аясында Денсаулық сақтау министрлігімен, «ДАМУ» ақпараттық технологиялар орталығымен және «АЯЛА» қорымен ынтымақтаса отырып, Samsung компаниясы өзінің инновациялық шешімдерінің көмегімен денсаулық сақтау саласын дамытуға белсенді қолдау көрсетуін жалғастыруда. Бұрын компания жетекші корей кардиологтарының Қазақстанға келуін ұйымдастырды, олар бұл жерде жүректі ауыстыру бойынша күрделі ота жасап, жергілікті мамандармен тәжірибе алмасты. Бұдан басқа, Samsung компаниясы онкологиялық аурулары бар балалар үшін ауруханалардан интерактивті «ақылды» сыныптар ашты, онда мектептен шеттетілген кішкентай науқастар құрбыларынан қалыспай оқуын жалғастыруға мүмкіндік алды.
http://86.107.44.20/redesign2/index.php/kz/portfolio-kz/hospitals-kz/item/2973-news-kz#sigFreeId99cba0a4cd