25-06-2018 «АЯЛА» академиясы» жаңа мәртебемен жұмыс істей бастады

Қазақстанның дәрігерлерін және медбикелерін оқыту бойынша «АЯЛА» академиясы»...

Қазақстанның дәрігерлерін және медбикелерін оқыту бойынша «АЯЛА» академиясы» жобасы жаңа мәртебеге ие болды.  Енді педиатрияда жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қоспағанда, біз «ересек» медицинада шеберлік сабақтарымен, тренингтермен, бірлескен консультациялармен және хирургиялық оталармен айналысатын боламыз.

Осы саладағы алғашқы тәжірибе Пусан Ұлттық Университетінің Госпиталінен (Оңтүстік Корея) профессорлардың келуі болды. Маммолог пен онкоуролог Қазақстанның жетекші онкологиялық орталығы – Онкология мен радиология ҚазҒИИ-да 2 толық жұмыс күнін өткізді. Күрделі диагноздары бар ондаған науқастарға консультация берілді, Оңтүстік Корея профессоры ота жасауға қатысты, сондай-ақ Таразбен телеконференция барысында Қазақстанның дәрігерлерімен бірлесіп қатерлі ісігі бар әйелдің жүктілігін жүргізу тактикасы айқындалды.

Оңтүстік Корея профессорлары онкоуролог Хонг Гу Ха және маммолог Тхэ У Канг біздің мамандарымыздың дайындық деңгейін жоғары бағалады. Қазанға жоспарланып отырған келесі сапар кезінде олар біздің дәрігерлермен бірге бұл деңгейді одан жоғары көтеруге, бірлескен оталарды және дәрігерлерімізге арналған кезекті дәрістер курсын өткізуге тырысады.

Бұл жобаның шеңберінде біз Италия, Ресей, Украина, Түркия, Литва және Үндістан дәрігерлерімен ынтымақтаса жұмыс істегенімізді еске саламыз.

«АЯЛА» академиясы – Қазақстан медицинасының сапасын арттыруға бағытталған жоба. Біздің әлеуетті әріптестеріміз бізге қолдау көрсетеді деп сенеміз. Игі істерді бірге жасайық!